Астанада Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойынының финалы аяқталды. Іс-шараны «Болашақ Қазақстанға» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырды. Додаға еліміздің барлық өңірлерінен 14-35 жас аралығындағы 150-ден астам азамат қатысты. Қатысушылардың арасында мұғалім, дәрігер, инженер, журналист сияқты мамандықтардың иегерлері, мемлекеттік қызметкерлер, құқық қоғау органдарының қызметкерлері, құтқарушылар, сарбаздар, мұнай саласында қызмет ететін жастар бар. Бұдан бөлек, зияткерлік ойынның финалында бала күтімінде отырған азаматтар, «Қазақстан темір жолы», «Қазақ мыс» сияқты ірі компаниялардың қызметкерлері, такси жүргізушілері, тапсырысты жеткізушілер де өз бағын сынап көрді.
50 команда арасында өткен бәйгеде Абай облысының намысын қорғаған «Телқара» командасы топ жарды. Абай облысы лингвистикалық орталығының филологы Жандос Қалиақпаров, өңірге қарасты Абай ауданы орта мектебінің бастауыш сынып және математика пәнінің мұғалімдері Балауса Сайлаубекова және Айтолқын Ермекова бас жүлде - 1 миллион теңгені еншілесе, І орын алған жамбылдық «Дара» командасы 500 мың теңгеге ие болды. Маңғыстау облысынан келген «West coast» командасы ІІ орынды және 300 мың теңгелік сыйлықты иеленді. ІІІ орын мен 200 мың теңгелік сыйлық Батыс Қазақстан облысынан келген «Europolis» командасына бұйырды.
Сонымен қатар, «Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойынының қорытындысы бойынша ең креативті 3 команда анықталды. Шығармашылық командалар 300, 200 және 100 мың теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Aqyl Battle Cup» республикалық зияткерлік ойыны биыл алғаш рет ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өткізілді. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекеттік тілді жастар арасында білім мен бірліктің негізгі белгісі ретінде насихаттау. «Тіл тағдыры-ел тағдыры» жобасы аясындағы зияткерлік шайқас 2025 жылдың соңына дейін жыл сайын өткізіледі деп жоспарланған.