Сіздерді өзге этнос өкілдері арасындағы жас таланттар үшін ұйымдастырылған «Елім дегендер» республикалық байқауының қорытынды кезеңіне шақырамыз. Бұл маңызды шара Республика күні қарсаңында өтеді және мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған.
14 пен 35 жас аралығындағы өзге этнос өкілдерінің қатысуымен өтетін «Елім дегендер» байқауының негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің этносаралық қатынас тілі ретіндегі рөлін күшейту, сондай-ақ, жастар арасында ынтымақтастықты, достықты және адамгершілік қасиеттерді дәріптеу. Байқау көпұлтты елімізде қазақ тілінің мәртебесін нығайтуға және жас ұрпақтың қазақ тіліне деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Номинациялар:
- Ақындық мүшәйра
- Көркемсөз өнері
- Эссе жазу
Аймақтық іріктеу кезеңдерінен өткен үздік қатысушылар республикалық кезеңде өз өнерлерін көрсетеді. Байқаудың жалпы жүлде қоры – 3 000 000 теңге. Жеңімпаздар дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Бұл шараға еліміздің әр өңірінен жиналған жас таланттар қатысып, қазақ тілінде өз өлеңдерін оқып, шығармашылық туындыларын таныстырады және көркемсөз өнерін паш етеді. Байқау мемлекеттік тілді дамытуға және елімізде этносаралық бірлікті нығайтуға арналған ерекше жоба ретінде маңызды рөл атқарады.
Іс-шараға мемлекеттік қайраткерлер, мәдениет және өнер саласының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен журналистер қатысады.
Айта кету керек, «Тіл тағдыры – ел тағдыры» жобасы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылуда.