Қазақстанда «Aqyl Battle» клубы құрылды

Қазақстанда «Aqyl Battle» клубы құрылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Евгений Кочетов «Aqyl Battle» республикалық интеллектуалдық турнирінің басталуы туралы хабарлады, деп хабарлайды Turantimes.kz тілшісі.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының жастарды қолдау бағытындағы тапсырмасын іске асыру аясында министрлік тарапынан бірқатар жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, ҚР АҚДМ Қазақстан Республикасының 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар тұжырымдамасы саясатын әзірледі. Бұл аса маңызды құжат Үкімет тарапынан қолдау тауып, бекітілді. Осы тұжырымдаманы іске асыру жоспары аясында жастарды интеллектуалды қолдауға бағытталған бірқатар жоба қарастырылған.

«Қазақстанда мемлекеттік тілде заманауи зияткерлік командалық ойындарды дамытуға арналған «Aqyl Battle» зияткерлік клубы құрылды. Осы клуб аясында «Aqyl Battle cup» республикалық quiz лигасы қазақ тілінде жұмысын бастады. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы кез келген жас қатыса алады», - деді Е. Кочетов.

Шын мәнінде бұл зияткерлік жаңа қозғалыс еліміздегі жастардың бойында білім алу, өз бетімен жұмыс істеу, өзін-өзі дамыту сияқты өмірлік қағидаттарды қалыптастыратын болады.

«Aqyl Battle cup» аясында біз quiz-ді жақсы көретін, оны өз қалалары мен клубтарында ойнайтын және өз күшін республикалық деңгейде сынап көргісі келетін жастарды біріктіргіміз келеді. Жыл бойы біз Қазақстанның барлық өңірлерін қамтимыз. Онлайн форматта әр аймақтағы ең интеллектуал жастарды анықтаймыз. Содан кейін ең үздіктері өз қалаларында офлайн ойындарда сайысқа түседі», - деп нақтылады вице-министр ойын жайлы.

Ойын жеңімпаздары жыл соңында Астана қаласында өтетін үлкен финалда бақ сынасады. Онда республикамыздың түкпір-түкпірінен келген жеңімпаздар қатысады.

«Aqyl Battle cup» республикалық quiz ойындарын жүйелі іске асыру арқылы жобаны халықаралық деңгейге шығарып, бауырлас түркі мемлекеттерімен бірлесіп ортақ лига құру жоспарда бар. Қазіргі таңда жоба еліміздің қоғамдық сала өкілдері, жастар ойындарының жетекшілері, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары тарапынан қолдау табуда», - деп түйіндеді Е. Кочетов.